Ақпарат, өсек дегендер тез таралады ғой. Менің бір құрбым өзінің  курстасы айтқан бір жайтты әңгімелеп берген еді : «Әлгі қыз көшеде кетіп бара жатып, жерге шұқшия қарап, бір нәрсені көтермекке еңкейіп жатқан бір қартты көреді. Қарияның қолына сонша қиналып ілінген не нәрсе екендігін көрмекке жанына барса, 1 теңгелік бақыр тиын екен.  «1 теңгені жерден сонша ыждаһаттылықпен алдыңыз ғой?» деген қыз таңданысына ақсақал «Елімнің елтаңбасын аяққа таптатпаймын!» деп жауап беріпті. Осы әңгімені естігеннен кейін қайда жүрсем жерден көз алмай қарап жүретін әдет таптым. Бір қызығы, мен әр күн сайын жерден  ондаған бір , екі теңгеліктер тауып аламын. Олар әсіресе базар маңында, асфальт жолдарда, жер асты өткелдерінде, автобус ішінде, баспалдақтарда көбірек жатады. Бұрын қалай аңғармағанмын?? Енді мен де кезіккен жерден 1 теңгеліктерді жинап жүретін болдым.

Туған күнімде достарым сыйға тартқан тиынсалғышқа не ақша  саламын деп ойланып жүргенмін ( жол жүру ақысы бар, жейтін тамағы, салатын бірлігі бар, студенттің қалтасы қашанда түгесіліп жүретіні белгілі), енді тауып алған тиындарымды соған жинай бастадым.


Күнделікті жерден теріп алатын теңгелердің көп болатыны соншалық, оларды салуға кішкентай әмиян арнауға тура келді.

Еліміздің айбынды елтаңбасы бейнеленген төл валютамыздың мұнша керексіз боп қалуына не себеп болды екен? Кез келген жерде шашылып жатуына қарағанда (расымен 1 теңгеліктерден аяқ алып жүре алмайсыз!), адамдар әдейілеп лақтырып кететін болды ғой. Әйтпесе, неге 50,100 теңгеліктер жерде төгіліп жатпайды?! Түсініксіз.


Төл теңгеміздің ең кіші бірліктерін  шалшық судан да  , балшықтан, жаңбырдан пайда болған көлшіктерден, қардың бетінен де тауып алуға болады, қай-қайсысы да қарайып кеткен. Мен көрген бірнешеуі тіпті асфальтқа кірігіп кеткен,  екі түрлі болжамым бар: біріншісі, тиынды ешкім жерден көтермей ұзақ жатқан, екіншісі, машинаның дөңгелегі басып кеткен. Салғырттықтан ғой бәрі…

Бақсам, бірен-сараны болмаса, көптеген қоғамдық орындарда 1, 2 теңгеліктер өтпейді екен. Бірде қалтамдағы 23 теңгем жол жүру ақысына жетпей қалып жаяу жүргенім бар еді, сол оқиғадан кейін теріп алған тиындарды жанымнан тастамайтын болдым. Бір теңгелерім супермаркетке барып сауда жасағанда және банкте төлем төлегенде ғана кәдеме жарады. Оған да тәуба!

Жоғарыдағы суретте: автобус есігінің жақтауында қаз-қатар тізілген тиындар

Мемлекеттің рәміздерімізді насихаттау және құрметтеу жайлы жиі айтылады ( 4 маусым- Мемлекеттік рәміздер күні), елтаңбамыз бейнеленген теңгелерді күнде жаншып өтіп жүргеніміз қай құрметіміз? Әлгі ақсақалдың әңгімесін естігеннен бастап күніне сан рет еңкейіп тиын жинап жүретін болдым. Себебі, мен де елімнің елтаңбасын аяққа таптатқым келмейді. Ал сіз ше?