Патиктің Әшөгін ұнатам! 🙂 Оның хикаяларын оқып, еріксіз күлемін. Әшөкті жай айтып отырғаным жоқ, ол сияқты кейіпкер менде де бар ӘЛӨШ деген! Блогты меңгере алмай жүргенде күлкілі кейіпкерімнің бір хикаясын тіркегенмін, бүгін сол жазбаны әлдекімдердің сұрауы бойынша қайта салып отырмын.

Өлмеші, Әлөш!(суреттегі қыз осылай күбірлеп отыр 🙂 )

Дүйсенбі күні қолына қалам ұстаған бірқатар журналист ағаларымызды қонаққа шақырып, жақсылап жайладық. Түу Астанадан ат арылтып келіп жатқан болашақ әріптестер үшін динозаврдың да етінен ас дайындап беруге бармыз: ауыл жақтан келген аз-маз сыбағалы етті қазанға салып жіберіп, аңқыған исін рахаттана жұтамыз. Аядай бөлме тап-тұйнақтай етіп жиналып, «Тефаль» шәйнек ысқыра қайнап жатқан кезде құрметті қонақтар да келе қалды. Алдымен буы бұрқыраған ет келді дастарханға. Содан соң шәй ішілді. Қонақтарымыз біз тұрып жатқан жатақхананың 4 жыл бойы тұрғыны болып, былтыр ғана оқу ордасынан түлеп ұшқан, сондықтан оларға біздің құтты ұямызда орын алып жататын шытырман оқиғалар тансық емес-тін. Өздерінің жатақханада өткізген жылдарындағы қызықты жағдайларын майын тамыза әңгімелеп берді: бірінші қабаттан бесінші қабатқа дейін балконды жағалай көтеріліп, сосын төмен қарай қайта сырғығандары, еден сүртуге «дені сау» шүберек таппай қалса бір-бірінің көзге қораштау көрінген киімдерін жыртып алып, сонымен тазалайтындары, оңашада қолға іліккен біреуді (әрине, жігіттерді) қалың төсенішпен орап, сыртынан белдік, түрлі жіптермен матап, дәлізге тастап кететіндері… Аузымыздың суы құрып отырып тыңдадық. Алғыстарын жаудырып  қонақтар қайтты, қол бұлғап біз қалдық…

Кеш батты. Маржан (бөлмелес құрбым) екеуміз сарқытпен шай ішіп отырғанбыз. Алақ-жұлақ етіп Айдос (курстас) кіріп келді. Басқасын білмеймін, осы Айдоспен басымыз қосылса қауқылдасып, бір жасап қаламыз. Әзіл айттық, әңгімелестік, тіпті билеп те алдық. Бір кезде Маржан кино түсіру туралы ұсыныс жасады. Кино болғанда, қайбір жетіскен кино дейсіз, шағын ғана сюжет түсірейік деп ақылдастық қой. Сонымен, басты рөлдерде – мен және Айдос, қос ғашықтың рөліне бекітілдік, Маржан  оператор қызметіне тағайындалды. Сценарий бойынша Айдос кешігіп келеді де, мен ашуға мініп, айқайға басамын. Сосын ызадан жарылардай түтіккен өңмен қараған күйімде Айдостың бетінен шапалақпен бір тартуым керек екен. Бірақ, басқа жерін қатырсақ та, дәл осы шапалақты сәтті орындау қиынға түсті. Біраз дайындықтан соң операторымыздың талапшылдығының арқасында «фильм» түсіруді бастап кеттік. Эпизодтар былай басталады: 1) Басы: жігіт кешігіп келді, қыз оған ұрысып берді; 2) Ортасы: сарт ете қалған шапалақ…

Кино түсіру тым жақсы қарқынмен жүріп келе жатқан еді, шапалақтан кейін Айдос дереу құбыла қалды. Ойына қайдан сап ете қалғанын кім білсін, «Бұндай шапалақтың қажеті жоқ маған! Балконнан секіріп өлем!» деп жұлқынып балконға шығып кетті. Шегінерге шара жоқ, артынан ілесе шықтым. Кезінде «Шаншар» театрында Нұржан мен Жұлдызай сахналаған әнебір қойылым бар еді ғой, жаңылмасам, басты рөлде Алеш деген кейіпкер болатын. Сол есіме түсіп кетіп, «Өлмеші, Әлөш!» деп Айдосты жұлқылаймын келіп. Оператор да, мен де күлкіге булығып әзер шыдадық. Ақырында бозбаланың «ашуы» басылып, фильм « хэппи энд»-пен аяқталды.

Оператор және әртіс

Бір-бірімізді құттықтап, терлеп-тепшіп түсірген төл туындымызды тамашалауға отырдық. Бір кезде есік қағылды. «Фильмнің» ішіне кіріп кеткеніміз сонша, келгендерге мән беріп қарауға мұршамыз болмады. Бақсақ, келіп тұрған күзетшілер екен. Көзіміз шарасынан шықты. Біз не бүлдіріп қойдық тағы? (Мұның алдында концерттен кешігіп келіп, бөлмемізге балконмен көтерілу арқылы « көзге түскенбіз» )

– Жатақхананы бастарыңа көтеріп жатқан сендер ме? Қайсысың өлем деп жүрген?

Бет шіркін қалың ғой:

– Біз емес,- деп иықты қиқаң еткіздік.

Күзетшілердің сұсы жаман, өңменіңнен өтердей:

– Оң жақтан санағанда үшінші терезе осы бөлменікі емес пе?

Тереземіздің қай қатарда қалай орналасқанын жатқа білетін мен өтірік санай қалдым:

– Бір, екі, үш… Біздің терезе екен.

– Түн ортасында өзгелердің тыныштығын бұзғандарың үшін түсініктеме жазасыңдар!

Бағанағы бақ бастан тайған, жалына бастадық:

– Кешіріңіздерші, біз «кино» түсіріп жатыр едік.

Күзетшілер мұнан әрі шыдамады ғой деймін:

– «Әлөш, өлмеші!» дегендерің қай сасқандарың?- деп күліп жіберді.

Ұялған тек тұрмастың кері келді, біз де қосыла күлдік…

Жүрегіміз орнына түсті-ау деп отыра бергенде, Студенттер Кеңесінің басшылары жетіп келмесі бар ма? «Сендер қандай кино түсіріп қарқ қып жатырсыңдар, қазақ киносының жыртығын жамайтын ба, әлде жарасын тырнайтын ба?» Өзіміз Студкеңес-тің белсенді мүшелері болғандықтан олардың сөздері шыбын шаққан құрлы әсер етпеді…

Бұл бір қызық естелік әрі сабақ болды. Алдағы уақытта «Әлөштің оралуы» атты фильм түсірмекпіз. Бәрін қойшы, Маржан екеуміз Айдоспен кездесе қалсақ, жата кеп күлетін әдет тауыппыз. Сондағы ішек-сілеміз қататын тіркес мынау:

«Өлмеші, Әлөш!»

мамыр, 2010 жыл.