Жас болғасын ба, әлде қазір өзім студент болғасын ба, жұмыс тарапынан универлерге тапсырмамен жіберсе, алды-артыма қарай шапқылап кетем солай қарай. Білмегендерге айтайын, мен ҚазҰУ-да оқимын ғой, бүгінде қайда барса да бірін-бірі жетелеп жүретін қамқор көңіл журналистер ұшқан ортада дәріс алудамын әлі. Біздің журфак – шығармашыл жастардың ортасы, рас. Бірақ, мен аноооу Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық Өнер академиясы не Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясына барғанда біртүрлі қоңылтақсып қалатыным бар. Неге дейсіз ғой?

Үйткені, ол жерлердегі аура  тым басқа. Мәселен, Жүргенов академиясында шашы жалбыраған, құлағын 18 жерден тескен жігіттерді, үстіне аққудың қауырсыны тәрізді көйлек киген қыздарды қиналмай көруге болады.  Қашан барсаң да, онда қиқылдап-шиқылдап жүреді шәкірттер. Бір бұрышта – домбырасын дыңғырлатқан жігіт, бір бұрышта – сурет салып отырған қыз, оларға қарап аңқиып келе жатқаныңда, өз образына дайындалып жүрген біреу келіп сенің дәл құлақ түбіңнен айғайлап не қарқылдап күліп жіберуі мүмкін 🙂 Обшым, қызық орта! Өткен жылы қала әкімі аралаған осы өнер ордасын, сонда көрдік қой балет билеп, мүсін жасағандарды, костюм тігіп, ария айтқандарды… Таза шығармашылық адамдары…

Бүгін Құрманғазы атындағы консерваторияға барып ем, онда домбырасын құшақтаған қауымға тап болдым. «Қағысың дұрыс емес», «Құлағын дұрыстап бұра», «Нотадан жаңылсам, біттім»… Емтихан тапсырғалы жатыр екен, еміс-еміс естіген сөздерім осы. Шабыттана күй тартып отырған топтың күйін бөлуге де ыңғайсызданады екенсің… Таза қазақы рух, даланың исі сезілді маған ол жерде.

Бір рет ҚБТУ-да болдым, бұрын Қонаев атам отырған қасиетті ғимарат қой, іші үлкен әрі күңгірт екен. Онда барсаң, кілең қазақша-ағылшынша жазулар қабырғаларда. Айтпақшы, ҚМЭБИ-де де солай. ҚМЭБИ көп блогшыға таныс қой, іші жайлы, жаңаша жабдықталған.

ҚазБСҚА-ны  (КазГАСА) жақында ПГК тапсырғанда көрдім, іші галерея екен. Тойыст, мұнда әр жылдары осы универде оқыған азаматтардың, профессор т.с.с – лардың суреттері толып тұр екен қабырғаларда.

Политех немесе ҚазҰТУ өте әдемі жерде орналасқан меніңше. Сырты да сондай сымбатты, ішінде болып көрмеппін.

АЭжБУ мен С.Демирел атындағы университеттің студенттерімен танысқанда, почему-то бір сөзімнен білместігімді тауып қоятындай көрінеді. «Олардың 3-ке оқитын студенттерінің өзі сұмдық сауатты» деген пікірлерді көп естігеннен кейін бе екен, білмедім…

Ал, біздің ҚазҰУ… ҚазҰУ-дың алдындағы подземкада қашанда «адамдар кептелісі» («живой коридор» жасаймыз), әсіресе, таңертең және кешке. Өзге универлерде оқитын көөөп студенттердің ҚазҰУ-дың бағына, КазГУград қалашығына қызығатынын білемін.

Айтайын дегенім:  Бәрі Өнер академиясының студенттерінен басталды ғой. Алматыдағы өзім барып көрген ЖОО-ларға барғанда көңілге түйгенімді жазу. Негізі, әр түрлі универлерде білім алатын студенттермен танысқан қызық қой. 🙂