… Осы сөздерді қатты сағынып жүрген жайым бар. Жаз шықты, жатақхананы босаттық. Енді менің жұмысқа қатынайтын бағытым да өзгерді. Балдырғанның жазбасындағы айтылған жайттармен енді бетпе-бет келіп жатқан жайым бар. №69 шап-шағын автобусқа алғаш мінгенде өзімді ауылда жүргендей сезіндім. Титың-титың етіп жүретін ықшам автобустың ішінде екі бүктетіліп тұрып, кімнің қандай әтір сепкенін, кімнің шашы кір, кімнің таяу арада душ қабылдаған-қабылдамағанын аңғара бастадым Балғырған сияқты 🙂 №63, 73 сияқты алып аптауыстарда жүретін мен үшін ішінде тұрсаң отыра алмайтын, отырсаң тұра алмайтын мына автобус қызықтау көрініп жүр.

Шіркін-ай, қасқайып тұрып такси тоқтататын кездерімді қазір сағынам деп ойламап едім. Терезесін түсіріп, көз қиығымен қараған таксистерге «КазГУград заездом, 200,300 т.б» дейсің. Көп таксистер сразу келісе қоймайды, «Ой, аға, не болды, студентпіз ғой» . Құдайына қараған таксист болса, осы бір ауыз сөзіңе «сынады» да, жеткізіп тастайды. Шымкенттік құрбыларым қулау болатын, әдейі Х нөмірлі мәшинені тоқтататын да, «Аға, біз де Шымкенттенбіз» деп әкелеп-көкелеп, таксисті түсіретін әйтеуір. Былтыр қала күнінде ғой деймін, Орталық алаңнан қайтқанда мынадай қызық болған: Алдыңғы орындыққа отырып алып ем, жол бойы таксист ағам жүзіме үңіліп қараумен болды. Діттеген жерімізге жеткен соң, «Қыздар, менің бойдақ інім бар еді, ақылды, әдемі, банкте істейді» деп соткасынан ыржиып тұрған әлдебір жігіттің суретін көрсете бастады. Бізге ол кісінің бұл қылығы қызық көрінді ме, ішек-сілеміз қата күлеміз, ал ол кәдімгідей серьезно, әлгі інісін мақтааап отыр 🙂 «Маған, әсіресе сіз ұнап отырсыз» деп қояды маған. «Ойпырмай, ініңізге келіншекті сіз таңдап бересіз бе сонда ?» десем, «Ол менің айтқанымнан шықпайды » деп қарааап отыр 🙂

Бір группалас қызым – такси ұстаудың хас шебері. Жатақханадан Тимирязев көшесіне дейін өмірі жаяу жүрмейді, такси тоқтатады да, «Онсыз да сіздің жолыңыз ғой, Тимирязевтан тегін түсіп қалайыншы» дейді қиылып. Бітті, оны любой таксист қиналмастан алып кетеді 🙂 

Бірінші курста посвящениеміз Атакенттегі «Бақшасарайда» дүркіреп өтті. Алматыны мүлде танымайтын кезіміз, Атакент деген жер КазГУградтан алыс екен деп ойлап, Азиз есімді журналист досыма звондап, жұмыстан кейін бізді әлгі Атакентке апарып тастауын өтінгем. Ол сөзімді екі етпестен, «Бақшасарайға»апарып және қайтарда жатақханаға жеткізіп тастаған еді. Балалық қой, Атакенттің ҚазҰУ-дан таяқ тастам жерде тұрғанын білмей (я елден сұрамай), жұмыстағы адамды әурелегенімді еске алсам, қазір күлкім келеді 🙂

 …Жатақханадан шыға бере қиылып тұрып такси тоқтатар күн тезірек келсе екен : «КазГУград, заездом!«…