Жатақханада не түрлі қызықтар орын алып жатады ғой. Менің бірінші курсым өте көңілді өтті. Түнгі 12-ден кейін туған күнімен құттықтап улап-шулап барамыз елдердің бөлмесіне, ән айтамыз, торт жейміз. Концертке барамыз, қыдырамыз (бірақ, түнгі клубқа емес), кешігіп қалсақ, балконға өрмелеп мінеміз (тссс, мынаны комендант естімесін!)

 Ал, екінші курс… Екінші курс та солай өтетін еді, егер мен жұмысқа тұрып кетпегенде 😦 Мына оқиғаны баяндап берейін сіздерге, қызық болсын!

Екінші курстың басы. Жатақханаға енді орналасып жатқан кезіміз, үш ай жаз бойы бір-бірін көрмеген группалас, курстастар сағыныса қауышқан әдемі сәттер. Сабақ басталғанша ерігіп жүрген кезде бөлмелес 4 қыз (Толғанай, Сымбат, Маржан және мен) 5-ші қабатқа орналасып жатқан «первашкаларды» аралап қайталық деп шештік. Кім, қайдан келді, журфактың қай мамандығына түсті? Бізге қызық, соның бәрін тәптіштеп сұрамақпыз. Қанша дегенмен, бір көйлек бұрын тоздырған «старшакпыз» ғой.

 Сонымен, бесінші қабаттағы бөлмелерді аралап жүрміз. Ауылдарынан жаңа келген перваш қыздар біздің бетімізге бажайлай қарайды. Кейбірі тіпті үрпиісіп қалған. Сценарий бойынша, мен «қатайып қалған» вид жасауым керек. «Қалайсыңдар? Қайдан келдіңдер? Біз — екінші курстағы «тәтелерің» боламыз. Сабақты жақсы оқыңдар! Сосын, түнімен шулап мазаны алмаңдар!» Хехе. Сөзіміздің сиқы осы. «Иә, иә» деп бас шұлғиды перваштар. Бір бөлмеге барғанда мен «қызды-қыздымен» образға кіріп кетсем керек, бір қолымның жұдырығын түйіп келесі қолымның алақанына соғып жүріппін 🙂 Кәнігі крутой қыздар қыздар құсап! Бір бөлменің есігін ашқанда, ішінде отырған қыздар бізге пысқырып та қарамады, соған «ызаланып» «Кір деп айтайсыңдар ма?» дедім. Кірдік. Кіргесін әлгілерге қарап «Отыр деп айтпайсыңдар ма?» дедім. Отырдық. Мына қырсықты қарамаймысың, біраз әңгімелескеннен кейін орнымнан тұрып бара жатқанда, орындық құлап түсті. Перваш қыздарға қарап «Өздерің көтере саласыңдар ғой» дедім. Бағанағы бейғамдық қашып кеткен, қыздарым тек бас изеумен болды. Сонымен, не керек, бірінші курстың балапандарына ақыл үйретіп қайттық. Бірақ, қызық мұнымен бітпеді…

СтудКеңестің жиналысы болды келесі күні. «Мектепте президент болғам, ән айтқам, билегем» деп, перваштар бірінен соң бірі белсенділіктерін айтып жарысып жатыр. Бір кезде мен де бірдеңе дедім соларға қатысты. Сонда Рауан деген қылжақбас маған қарап тұрып: «Айтпақшы, қыздар, таныс болыңдар, общаганы ұстайтын ОСЫ ҚЫЗ» демесі бар бар ма? Қалжыңы ғой деп бәріміз өтірік күле салдық енді. Бірақ, қызық мұнымен бітпеді…

Жайбарақат жүргем, бір күні мені жоғары курстың қыздары шақырды бөлмелеріне. Бардым. Қыздар айтады: «Роза, сен неге перваштарды қорқытып жүрсің?». Мен аң-таң: «Қорқытып?» «Иә. Кеше ауызашар жасап, перваш қыздарды шақырғанбыз. Сонда „Келгелі кіммен таныстыңдар?“ десек, бәрі „Розаны танимыз, Розаны танимыз“ дейді. „Неге?“ десек, „Өткенде бөлмеге келіп үстелді теуіп кетті“ деді» дейді жоғары курстың қыздары. Адамда мынадай сезімдер болады ғой, не күлеріңді, не жынданарыңды білмей қалатын. Міне, мен тура сондай күйде болдым. Алдында перваштар бөлмесінде орнымнан тұрып бара жатқанда орындық құлап кеткенін, одан анау жиналыста Рауанның мені «жатақхананың жындысы» деп таныстырғаны есіме түсті. Күліп отырып жоғары курстың қыздарына (олар — біз үшін «старшак») бәрін баяндап бердім. Қызық-ай!

Содан кейінгі күндерде де мен кетіп бара жатқанда ысырылып жол беретін, тұрып орнын беретін перваштар да табылды. Ырза боп күлемін де өте беремін 🙂 Негізі, ұрда-жық мінез менде жоқ. Тек, қызық болсын дегенбіз.

Қыркүйектің аяғында мен ойламаған жерден жұмысқа тұрып кеттім де, баяғы «жындылықтың» бәрі жайына қалды… 🙂

(Материал «Алматы ақшамы» қоғамдық-саяси газетінде жарияланды)