– Енді сізден лимонад алмайтын болдық.

– Неге?- деді лимонад сататын жігіт. Жүзінде таңданыс бар.

– Жақында біздің ұжым жаңа мекенжайға көшеді.

-Еее,-деді самарқау үнмен,- Мен шошып кетсемші!Лимонадымыз ұнамай қалды ма екен деп.

Бұл жігіт бізді сол мекенжайдан көшіп кеткенше  «Налоговыйдың қыздары» деп ойлады (Себебі, біз салық басқармасының ғимаратында отырдық).

Біз оның есімін білмейміз, ол да біздің аты-жөнімізді сұраған емес. Бір жылдан бері бір-бірімізді күнде көретіндіктен бе екен, етене таныс адамдар сияқтымыз…Күнде бізге лимонад құйып береді(әсіресе, жазда). Жүзтаныс.

Қызық! Көп адамдар Алматыға бірде-бір адамды танымай келеді, бірақ, бұл қала оларға туысқаннан да жақын дос, таныс, әріптес т.с.с тауып береді.  Әсіресе, біздің сферада солай.

Кеше жаңа мекенжайға көшті біздің ұжым. Бір жыл бойы 2-вокзалдың дәл түбінде отырып жұмыс жасағандықтан ба екен, маған Абылай хан даңғылының әр бұрышы ыстық. Күн сайын құлағымызбен Алматыға келіп-кеткен жолаушыларды күтіп алып, шығарып салып отыратынбыз: «Ақтөбе-Алматы жолаушылар пойызы 2-ші жолға келіп тоқтайды», «…3-ші жолдан жүреді»…

ЦУМ, Ғ.Мүсірепов атындағы театр, арбат, Ұлттық кітапхана, «Қазақконцерт»… Бұл көшенің бойын бір жылда әбден «зерттеп» біліп алғанымды айтам. Менің әріптестеріммен иық қағыстырып бара жатқан, құрбыларымды қимай жолға шығарып салған, театрдың алдында қол ұстасқан т.б. сәттерімнің куәсі болды бұл көше. Жастық шақтың бір жылының куәсі. Қалайша ыстық болмасын?! Қыл аяғы лимонад сататын жігітке дейін жақын көрініпті бізге…

…Жаңа жұмыс орнындағы алғашқы күн. Заттарды көшірісіп жүргенде «Кедеймін десең, көшіп көр» деген мақал еске оралды. Қағаздарды жиыстырып, үстелдерді орналастырып болғасын сыртқа шығып жақын маңнан сусын сататын дүкен іздедік. Сатушы жігіт жылпылдап тұр. «Көшіп келдіңдер ме? Көрші болдық қой. Енді күнде мені көретін болдыңдар!» деп қутыңдайды. Күлкісі де жасандылау сияқты ма, қалай? Лимонад сататын жігіт дауыс шығарып күлмейтін, ол тек жылы жымиятын. Сонысы өзіне жарасымды еді.

Өкініштісі, бұл жерде лимонад сатылмайды екен. 2-вокзалға бара қалсам, лимонад сататын жігіттен сатып алармын. Шөлім де қанар, сағынышым (сол аралықтағы ғимараттарды, көшені сағынамын) да басылар. Сағыныш – бұл шөл…

авторы – Роза Әрен

Сәйкес емес сілтеме:

Әбіш Кекілбаев «Галстук сатушы қыз туралы хикая»

(мазмұны емес, тақырыптары ғана ұқсайды 🙂 )